Ауыл

Ұтымды істің үлгісі

Мемлекеттік бағдарлама

 Ауылда өскен жігітке шаруаның жайын айту артық. Осы орайда ертеректе естіген әңгіме ойға оралады: «Ауданға Алматыдан атақты, «мүйізі қарағайдай» ғалым келеді. Ауыл шаруашылығы жөнінде. Жұртшылықпен, ауылдың мамандарымен кездеседі. Кездесу барысында «Ауыл шаруашылығына қатысты кез келген сұраққа жауап беремін!», — деп екпіндеп отырады. Сол сәтте әйгілі Сүлеймен әулие шыдай алмай кетсе керек, былай депті: «Төрт түліктің тезегі неге төрт түрлі?». Мұндай сұрақты күтпеген ғалым сасқалақтап қалыпты…

Менің кейіпкерім де мал шаруашылығын арнаулы оқымаса да, бұдан басқа сұрақтың бәріне жауап бере алады.

«Идеят» шаруа қожалығының жұмысын үлгі етуді көптен ойластырып жүргем. Ал, оның бәрін үйлестіріп жүрген жетекшісі  — Тілек Әміров. Құжатында Тілекбай екен. Оны мақаланы дайындау барысында білдім. Әрине, меңгерген негізгі мамандығы инженер болғанымен, оқыған, әскери міндетін өтеген кезде болмаса, қалған уақытта ауылдан табан аударған жоқ. Бұрынғылардың тілімен айтқанда, «шаруамен көзі шыққан жігіт».

2002 жылы «қоғамға» қарап отыра бермейін деп, ағайындарымен ақылдасып, шаруа қожалығын құрды. Әкеге құрметпен қожалыққа атын қойды. «Ағайын тату болса, ат көп» деген қағиданы дәлелдеген жігіт әуелден негізі бар шаруаның өркендеуіне мемлекеттік бағдарламалардың да дөп келгенін жасырмайды. 2006 жылы лизингтік жүйемен ауылға су жаңа трактор әкелуі көпшілікті таңырқатты. Талай жерде тәуекелге сүйенген жігіттің бүгінгі табысы бәрімізді сүйсіндіреді.

Қазіргі қыстағы Қоңырсай бір кездері құлазыған дала еді. Бүгінде төңірегі толған мал. Яғни, екі отар қой мен бір табын сиыр сол даланы төлдің үнімен тербеп тұр. Былтыр аталарының атына «Әмір» шаруа қожалығын құрып, інісі Қуанышбайға еншісін берді. Бірақ, әлі де атқаратын шаруалары бір. Мал азығын дайындау, қой төлдету сияқты жылдың төр мезгілінде айналып келетін маусымдық жұмыстарды да ұтымды ұйымдастырып отырғанының куәсі бұл. Өйткені қашанда «жалғыздың үні шықпайды». Бірақ Тілектің інісінен де басқа өзінің сенімді серіктері бар. Қай шаруаны да жанашыр көзқараспен жасайтын жұмысшыны бүгін қай ауылдан да, күндіз шам алып іздесең де, таптырмайтынын айтады жұрт. Мұның бірнеше себептері бар. Бастысы, еңбекақы мен жұмыс берушінің жұмысшымен қарым-қатынасы. Осы орайда Тілектің шаруашылығы туралы мақала жазуға түрткі болған да осы жайт екенін айта кетуім керек. Кейбір шаруа қожалықтары маусымдық жұмыстарға маман таба алмай сабылғанда Тілекке сұранып келетіндер көп. Бұл —соңғы жылдарғы Тілек туралы ауылдастарының сөзі.

Біз барған сәтте мал азығын дайындау науқанының қызу жүріп жатқан кезі еді. Бұрын түсімі әр гектарынан 2-3 центнерден аспайтын шөптің биылғы «қоюлығын» қаумалардың арақашықтығынан-ақ аңғаруға болады. Екі есе десек те артық емес. Айына 80 мың теңгеден айлық алып отырған тракторшылар Марат Смайлов пен Дәурен Қошқаров әрқайсысы күніне 15 гектар жердің шөбін шауып, тайлап, буып, іскіртке тасып жатыр. Шөптің сапасын сақтау үшін барлық шаруа бір мезгілде жүріп отыр. Сайын Момышұлы автоматтандырылған жұмыстың үзіліссіз жүруіне үлесін қосып, екі тракторшыға кезек-кезек көмектесіп жүр. Шабындықтағы лизингтік жүйемен алынған су жаңа тракторлар жұмысқа деген ынтаны арттыратынын айтып жату да артық шығар.

«Идеят» шаруа қожалығының шопаны Ерлік Асановтың атакәсіптің сырын білетін жігіт екеніне бірден көз жеткіздік. Түске таяу қойды ауылға қарай қаптатқан шопан бізді алдымыздан шығып, қойға жақындатпай, жырақтан қарсы алды. Шаруаның жайын сұраған қожалық басшысы өз ойларын да жеткізді. Алдағы уақытта жайлауға да жақсы үй салып, электр қуатын тартуды көздеп отыр екен.

Ал «Әмір» шаруа қожалығының қойшысы Атамұрат Аймұханов  — Көптоғайдың өз түлегі. Сондықтан оған аймақтың әр тасы таныс. Биылғы жылы жайылым таңдаудың қажеті жоқ. Өрістің бәрі бір. Апта аралап соққан жаңбыр малға да, жанға да жайлы болып тұр.

Сиырды «суға құлатып», түске келген малшы Сермағанбет Өмірзақов сөзге сараң жігіт екен. «Табиғатынан томаға-тұйық болғанымен, шаруаның жайын жақсы біледі», —деп мақтайды Тілек. Күндіз-түні жанынан табылып немесе жолда жүретін серігінің бірі — Нұралы Аймұханов. Ол «Газ-53» көлігімен шаруашылықтың мұқтажын жеткізіп, өнімін өткізіп отыр. Өзі басынан өткесін шағын шаруалардың жайын түсінеді. Мәселен, ауылшаруашылық көліктеріне қызмет көрсететін, дәнекерлеу және токарлық цехтар кез келген ауылға керек-ақ! Оның бәрін тыңнан салуға ешкімнің тәуекел етпесі анық. Ал Көптоғайда осындай қызметке лайық бұрынғы ғимараттар бос тұр. Тек біреудің меншігі… Шаруалар болса, әр сағаты қымбат қызу науқанның кезінде сәл нәрсе үшін Ойылға шапқылап жүр.

Ал бір кездері адам қызықпаған Қоңырсайды жетімсіретпей, түлеткен Тілектің алға қойған мақсаттары да көп. «Сыбағамен» үш рет әкелінген қазақтың ақбас сиырының бұқасынан өрген төлдер — бүгінде 200 басқа жеткен Зеңгі бабаның тұқымы түгел ақбас сиырға айналып қалды. Бұл да қол жеткен меженің бірі. Қоңырсай айналасы тап-тұйнақтай, жинақы, мұнтаздай мал қорасы мен ақ шаңқан пәтерін айтпағанда, қолдан ұрықтандыру пункті, моншасы бар шағын ауылға айналып қалды. Махамбеттің жырындағы:

«Еділдің бойы ен тоғай,

Ел қондырсам деп едім.

Жағалай жатқан сол елге,

Мал толтырсам деп едім», — дегендей, Тілек те бір кездері құлазыған Қоңырсайды малға толтырды.

Көптоғайда халыққа қызмет көрсетіп тұрған дүкені бар. Сөйтіп, ауылдың он азаматына жұмыс тауып беріп, осындай шаруаның бәрін үйлестіріп отырған Тілек жыл бойы айналып соғатын ауыл ғана емес, аудан көлеміндегі акциялардың бәріне атсалысып, демеушілік көрсетуден де қашқан емес. Сол көптің тілегі қабыл болғаны болар —  талай жыл төгілген тердің өтеуі. Шаруаның да ұтыры келе кетеді. Мұның бәрі Тілектің ішкі тілегінің түзулігін көрсетеді…

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button